🔹 1-топ: Атмосфераның газдық құрамы және мәні
1. Атмосфера дегеніміз не?
Жер ғаламшарын қоршап тұрған ауа қабықшасы.
2. Атмосфералық ауаның негізгі газы және оның үлесі қанша?
Азот — 78,08%. Ол өсімдіктердің тіршілігін қолдау үшін қажет.
3. Оттегінің атмосферадағы үлесі мен маңызы қандай?
Үлесі — 20,95%. Ол тірі ағзалардың тыныс алуы және биосфералық үдерістер үшін маңызды.
4. Озон газының Жердегі тіршілік үшін басты қызметі қандай?
Күннің тіршілікті жоятын ультракүлгін сәулелерін тежейді.
5. Көмірқышқыл газының атмосферадағы рөлі қандай?
Үлесі 0,03%. Фотосинтез үшін негізгі материал және Жерді суып кетуден қорғайтын жылу «жамылғысы» болады.
6. Атмосфера Жер бетін ғарыштық денелерден қалай қорғайды?
Ғарыштағы метеориттердің басым бөлігі жер бетіне жетпестен атмосфераның жоғарғы қабаттарында жанып кетеді.
7. Атмосферадағы басқа газдардың (0,01%) құрамына нелер кіреді?
Неон, гелий, метан, криптон, ксенон, сутек, иод, иісті газ және азот тотығы.
🔹 2-топ: Атмосфераның құрылымы (Қабаттары)
1. Атмосфера қандай негізгі қабаттарға бөлінеді?
Тропосфера, стратосфера, мезосфера, термосфера және экзосфера.
2. Неліктен тропосфераны «ауа райының асүйі» деп атайды?
Мұнда су буының 90%-ы сақталған, бұлттар, жауын-шашын және найзағай, боран сияқты құбылыстар осында туындайды.
3. Тропосферада биіктеген сайын температура қалай өзгереді?
Жоғарылаған сайын температура төмендейді және әрбір шақырым сайын орташа есеппен 6°C-қа түседі.
4. Стратосфера қабатының басты ерекшелігі неде?
50–55 км биіктікке дейін созылады, ауа өте сирек, су буы дерлік жоқ. Мұнда ультракүлгін сәулелерді жұтатын озон қабаты орналасқан.
5. Мезосфера қабатында қандай ерекше құбылыстар байқалады?
Температура -75°C-тан -90°C-қа дейін төмендейді (ең төменгі температура) және мұзды кристалдардан тұратын күміс түстес бұлттар пайда болады.
6. Ионосфера дегеніміз не және онда не пайда болады?
Мезосфера мен термосферадағы (50-1000 км) газ молекулаларының иондарға ыдыраған қабаты. Мұнда Поляр шұғыласы пайда болады.
7. Экзосфера қабатының сипаттамасы қандай?
800–1000 км-ден жоғары орналасқан шашырау сферасы. Мұнда газ бөлшектері үлкен жылдамдықпен қозғалып, ғарыш кеңістігіне шашырайды.
🔹 3-топ: Атмосфераны заманауи зерттеу
1. Адамдар ертеректе ауа райын қалай және қандай құралдармен зерттеген?
Табиғи құбылыстарды бақылау арқылы, кейінірек термометр, барометр, флюгер сияқты алғашқы құралдармен зерттеді.
2. Қазіргі таңда Жердің ауа қабықшасын зерттеуді қай ұйым басқарады?
Дүниежүзілік метеорология ұйымы (ДМҰ). Жер бетінде 1000-нан астам метеорологиялық станциялар желісі жұмыс істейді.
3. Жетуі қиын аудандар мен мұхиттарда зерттеу қалай жүргізіледі?
Биік таулар мен поляр аймақтарында автоматты радиометеорологиялық станциялар, ал мұхиттарда қалқымалы платформалар арқылы.
4. Радиозонд аспабы қалай жұмыс істейді?
Оны сутекпен толтырылған каучук шарларға бекітіп ұшырады. Ол 30–40 шақырым биіктіктегі атмосфера деректерін жинайды.
5. Метеорологиялық зымырандар қандай биіктіктерді барлай алады?
Жоғары қабаттарды зерттеу үшін 120 шақырымға дейін, ал ауа құрамын нақтылау үшін 500 шақырымға дейінгі биіктікке көтеріледі.
6. Атмосфера туралы ең ауқымды және аса маңызды мәліметтерді не жеткізеді?
Жердің жасанды серіктері мен ғарыштағы орбиталық станциялардағы ғарышкерлердің бақылаулары.
7. Қазіргі таңда метеорологтар қандай экологиялық мониторинг жүргізеді?
Атмосфераның ластануына (көмірқылқыл газы, озон қабатының бұзылуы), орман өрттеріне, жанартаулар мен техногендік апаттарға бақылау жасайды.