🔹 1-топ: Географиялық модельдеу және алғашқы модельдер
1. Модель және модельдеу дегеніміз не?
Модель (лат. modulus — өлшем, үлгі) — нақты нысанның, құбылыс немесе үдерістің жеңілдітілген үлгісі. Ал модельдеу — қоршаған ортаны танып білу әдістерінің бірі, мұнда зерттеу нысаны оның моделімен («көшірмесімен») алмастырылады.
2. Қарапайым географиялық модельдер ерте заманда қандай түрде пайда болды?
Қарапайым географиялық модельдер ерте замандарда-ақ жергілікті жердің сызбалары түрінде пайда болды.
3. Географиядағы ғылыми негіздегі алғашқы модельді кім және қашан жасады?
Географиядағы ғылыми негіздегі алғашқы модельді 1826 жылы мекленбургтік (Германия) помещик Иоганн Генрих фон Тюнен жасады.
4. И.Г. фон Тюнен өзінің «Оқшау мемлекет» еңбегінде нені көрсетті?
Ол ауылшаруашылық ауданның нарық орталығы (қала) мен көршілес жерлердің пайданылу жағдайы арасындағы байланысты көрсетті. Ауылшаруашылық жерлерінің пайдаланылуы мен олардың құны орталық қалаға қашықтығына қарай анықталатынын модель арқылы дәлелдеді.
5. Модельдеу барысында нысанның қандай белгілері ескеріледі және бұл әдіс қазіргі географияда не үшін қолданылады?
Модельдеу барысында нысанның, құбылыс немесе үдерістің барлық белгілері мен байланыстары емес, тек зерттеу мақсаты үшін маңыздылары ғана ескеріледі. Ол қазіргі заманғы географияда зерттеу нысаны туралы жаңа білімдер алу мақсатында кеңінен қолданылады.
🔹 2-топ: Заттық және ақпараттық модельдердің сипаттамасы
1. Географиялық модельдерді шартты түрде қандай негізгі топтарға бөлуге болады?
Географиядағы модельдерді шартты түрде заттық (физикалық) модельдер және ақпараттық модельдер деп екі негізгі топқа бөлуге болады.
2. Заттық (физикалық) модельдер дегеніміз не және оған қандай мысалдар бар?
Заттық модельдерде нысанның, құбылыстың, үдерістің зат түріндегі нақты пішіні беріледі және олар әртүрлі материалдардан жасалуы мүмкін. Мысалы: глобус, жанартаудың моделі.
3. Ақпараттық модельдер дегеніміз не және оның негізгі түрлері қандай?
Ақпараттық модельдерде нысан, құбылыс немесе үдерістің қасиеттері мен күйін, маңызды байланыстарын сипаттайтын ақпараттар жинақталады. Олардың негізгі түрлері: вербалды, графикалық, кестелік, математикалық.
4. Вербалды және математикалық модельдердің айырмашылығы неде?
Вербалды модель нысан, құбылыс, үдеріс туралы жазбаша немесе ауызша түрде сипаттама береді (мысалы, жер сілкінісінің сипаттамасы). Ал математикалық модельдерде нысанның, құбылыс немесе үдерістің сандық сипаттамалары математикалық формулалар арқылы жасалады (мысалы, өзен ағысының моделі).
🔹 3-топ: Графикалық және кестелік модельдердің ерекшеліктері
1. Графикалық модель дегеніміз не?
Графикалық модель — нысандар, құбылыстар немесе үдерісті графикалық бейнелер түрінде көрнекі түрде көрсету тәсілі.
2. Графикалық модельдердің қатарына қандай бейнелер жатады?
Мұндай модельдер қатарына карталар, сызбалар, блок-сызбалар, графиктер, диаграммалар және т.б. жатады.
3. Кестелік модельдің құрылымы қандай болады?
Кестелік модельде нысандар, құбылыстар, үдерістер немесе олардың қасиеттері тізім түрінде, ал олардың шамалары ұяшықтарға орналастырылатын тікбұрышты кесте түрінде болады.
4. «Қазақстан өңірлерінің демографиялық көрсеткіштері» кестелік моделіне мысал келтіріңіз.
Бұл модельде өңірлер әліпби реті бойынша тізім түрінде бірінші бағанда беріледі. Ал нақты көрсеткіштердің (туу, өлім, табиғи өсім және т.б.) әрқайсысы келесі бағандар бойынша ұяшықтарға орналастырылады.