Ұлттық туындылар- бұл халықты педагогикасыз тәрбиелейтін және адамдардың санасына әсер ететін құрал. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамдардың санасы өзгеруде, олар жаңа ақпарат алады және сезінеді. Аманат, обал, сауап, адамгершілік ұғымы ұлттың тәрбиелік, тазалық, адалдық сынды қырларының көрсеткіші .18-19 ғасырларға дейінгі қолданылған аманат көр, аманат мал, ақ үйлі аманат сынды ғұрыптар кинотуындыларда көрініс таппаса да аманаттау, зат табыстау, өсиет айту сынды ғұрыптар төмендегі біз талдаған кинотуындыларда кездеседі.
Талдауға ұсынылған фильмдер: «Анаға апарар жол» (2016 жыл, реж. А.Сатаев), «Құнанбай» (2015 жыл, реж. Д.Жолжақсынов), «Жау жүрек мың бала» (2012 жыл, реж. А.Сатаев), «Жетімдер» (2008 жыл, реж. Е.Рақышев), «Көшпенділер» (2005 жыл, реж. Иван Пассер, Сергей Бодров).
«Анаға апарар жол» фильмі отандық үздік кинофильмдер қатарында. Фильмде тарихи кезеңдерді шебер көрсеткен. Ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, ұжымдастыру оқиғаларын басынан кешірген бас кейіпкер шетел асып кетеді. Өзінің туған жеріне, анасына оралу оның өмірлік мақсатына айналады. Бейне бір анасын көру, туған жер топырағын басып жүру ол үшін үлкен аманат іспеттес. Ананың өсиеті, аманаты, тілеуі арқасында еліне оралады.
«Құнанбай» фильмі. Фильм қалың қазаққа Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» арқылы танылған Құнанбай Өскенбайұлының болыс болған шағынан сыр шертеді. Бұл фильм қазіргі уақыт талабы. Қазақ - орыс шырмауына ілінбей тұрғандағы тұрмыс салты көрсетілген. Аманат ұғымына байланысты көріністерге тоқталайық. Құнанбай ел ішінде әділдік туын биік ұстаған болыстардың бірі болады. Оның тірлігі өзінің жауларына ұнамай, жала жабылып, айдауға жіберіледі. Сол уақытта Құнанбайдың анасы айдауда кеткен ұлының артынан жүгіріп: «Бір Аллаға аманат» деп баласын табыстайды. Әдетте, аманат өсиет сөз, табыстау ретінде жүргенде белгілі бір жауапкершілігі мол жанға беріледі. Ал, ислам дінін ұстанатын халықтың көп жағдайда «Аллаға табыстадым» деген сөздерін жиі естіп жатамыз. Фильмдегі екінші бір аманаттау жағдайы Құнанбайдың Қодар мен Қамқа оқиғасына қатысты шығарған үкімінен көруге болады. Жалғыз ұлы дүниеден өткен соң, туған келінінің сүйіктісіне айналған Қодар мен барлығын мойындаған келіні Қамқаға жазаның ең ауырын берген болатын. Ол қазақ халқының салт-дәстүріне деген беріктік, ата-бабалардың салған жолына қиянат жасамау, аманатын орындау. Бұл фильмде әділдік, жауапкершілік сынды этикалық концепті басым орын алған.
«Жау жүрек мың бала» фильмі. Режиссер Ақан Сатаев бұл фильмінде қазақтар мен жоңғарлар шайқасын шебер көрсеткен. Басты кейіпкерлер: Сартай (Асылхан Төлепов), Таймас (Аян Өтепберген), Зере (Әлия Ануарбек). Қазақ тарихында «Аңырақай шайқасы» деген атаумен қалған бұл шайқасқа аттанарда қарындасы Зерені Қасым (Нұрлан Әлімжанов) Сартайға аманаттайды. Оқиға желісін толық тарқатып жазайық. Бір-біріне ғашық болған Сартай мен Зере бірге болуды армандайды. Оған әкесі Рахымжан (Төлеубек Аралбай) қарсы болады. Елге жау шауып, Рахымжан көшіп бара жатқанда, көште қызы Зеренің жоқ екендігін көреді. Дереу Сартай еліне қарай бет алғанда, жау қолынан қаза табады. Сол уақытта қызына батасын беріп, Сартайға қосылуына қарсы еместігін көрсетеді. Болған мән-жай Зеренің ағасы Қасымның құлағына жеткен соң ол да оқиға орнына келіп жетеді. Әкесінің жау қолынан қаза тапқанын көріп, өзі жоңғарларға қарсы шығуға ниеттенеді. Осылайша, қарындасы Зерені Сартайға аманаттайды.
Қазақ тарихынан сыр шертетін «Көшпенділер» фильмі 2005 жылы жарыққа шыққан болатын. Оқиға жоңғарларға қарсы күш көрсеткен Абылай хан туралы өрбиді. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының екінші оқулығы желісі бойынша түсірілген бұл фильмде де табыстау, аманаттау жағдайлары кездеседі. Қазақ халқына жойқын шабуылдар ұйымдастырған жоңғарлар ішінен бір тәуіп (шаман) шығып, қазақтар арасында бір батыр дүниеге келгендігін және оның өскенде жоңғар қоңтайшысына қарсы келетінін ескертеді. Мұны жоңғар қоңтайшысы назарға алып, қазақ ауылдарына шабуылын үдете түседі. Әлгі жас нәрестенің басын алуды көздейді. Қазақ арасынан осы адуынды әңгіме қарияның құлағына жетіп, жоңғар қоңтайшысынан бірінші болып баланы ұрлап әкетеді. Хан баланы жоқтап, жалғыз тұяқ ұлдан айырылдым деп отырғанда әлгі қария ханға келіп мән- жайды түсіндіреді. Хан Уәли барлығын түсініп, онда ұлымды саған табыстадым деп аманаттайды. Қария ұстаз баланы қара халық арасында өсіріп, хан ұрпағынан екендігін еш білдіртпейді