Ұлттық туындылардағы этикалық концепттің қоғамдық және тәрбиелік маңызы

Қазақ халқының салт- дәстүрлері - осы этикалық концепттердің нақты көрінісі мен өмірлік қолданысы. Салт-дәстүр – әр ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрініс табатын ерекшеліктері, тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан өмір салты, әдет-ғұрыптары, мерекелерінің жиынтығы. Қазақ салт-дәстүрінің бірі «Ақ үй аманаты» болып табылады. Жаугершілік заманда екі жақ бітімге келіп, соғыс татуластықпен аяқталғанда осы салт татулықтың айғағы ретінде жүрген. Мұндайда жеңілген жақ жеңілісін мойындап, бар дүние-мүлкімен, сән-салтанатымен жеңген тарапқа ақ үйді аманатқа тапсырған.

«Аманат құда» дәстүрі де қазақ халқына тән дара ұғым. Балаларын жас кезінде атастырып, қалың малдың бір бөлігін төлеп қойған құдалар аманат құда атанады. Үйлену жасына жеткенше екі жас өзін сақтап, ата-ана аманатын орындайды. Қазақ хандығында әз Тәуке билік еткен тұста жарық көрген «Жеті Жарғы» заңдар жинағында әйелді аманаттау мәселесі жазылып, бекітілген. Яғни, ері қайтыс болған жесірдің елден кетпеуі, күйеуінің жақын туысына әмеңгерлік жолымен күйеуге шығуы міндеттелген.

Аманат көр. Сонымен, аманат көр дегеніміз, адам көзі тірісінде өзіне көр салдыруы [12]. Бұл жағдайлар тарихта кездеседі. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көзі тірісінде ұрпақтарын жинап алып, өзіне көр салуды бұйырады. Қай жерде салу керектігін, барлығын айтып береді. Оның себебі, мен дүниеден өткенде сендердің мені көмуге де шамаларың келмей қалады деп айтқан екен. Тарихқа үңілсек, қайтыс болған уақыты «ұлы жұт» уақытына сәйкес келеді.

Аманат мал – кедей туысқандарға көрсетілетін жәрдем түрі, өсімге деп несиеге төл беру жорасы [12]. Малды санын арттырып алсын деген ниетпен береді. Бұл үрдіс ХІХ ғасырдың басында қазақ халқының арасында үрдіске енген. Екі тарап, яғни мал алушы мен мал беруші шарт жасасады. Оған куәгерлер қатысады. Несиені алушы тарап екі жылдан соң екі жасар малды, үш жылдан соң үш жасар малды беруге міндеттелген. Егер шарт бұзылып, малды қайтара алмаса биге жүгінген.

Ақ үйлі аманат. Жаугершілік замандарда дипломатиялық қатынастарда қолданылған. Ол қыпшақтар кезеңінен бастап, қазақ хандығы жойылған уақытқа дейін қолданылды. Жеңілген тарап жеңген тарапқа аманат береді. Оның ішінде жеңілген жақтың басшысы, жабдықталған мал-мүлік, жеңілген басшының ұлы, бір топ қыз болады. Сол замандарда ақ үйлі аманат алу үлкен абырой болған. Тарихта Абылай хан 1779 жылғы қырғыздарға соңғы рет жорық жасап, қырғыздар атынан ақ үйлі етіп (Омбы мұрағаттық деректерінде көп кісіні тұтқындап әкелді деген мәлімет келтірілген), қырғыздың сол руынан шыққан Жамансарттың ұлы Тілеубердіні бас қылып, аманатқа алып, қырғыз руларын Арқаға алып келгендігі айтылады

Аманат қою. Бұл ғұрып адамды «уақытша жерлеу» деген мағынаны білдіреді. Қазақ халқы жайылымды мал шаруашылығымен маусымдық жайылымдарға көшіп жүрген уақытта немесе алыс сапарларда адам қайтыс болса , сол аумаққа жерлеген. Кейін мүмкіндік болғанда көшіріп алған. Мысалы, Абай Құнанбайұлының ұлы Әбдірахман алдымен Алматы қаласында жерленіп, кейін өз еліне көшірілген. "Әбішті жерге, лахатқа Майқан мен Өтегендер өз қолдарымен қойып жатып "Аманат!", "Аманат!" десті." (М. Әуезов).

Әмеңгерлік --- әмеңгерлік аманаттың бір түрі . Күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әйелдің күйеуінің жақын туыстарының бірімен некеге тұруы. «Аға өлсе, жеңге – мұра, іні өлсе – келін мұра» дегендей, Абайдың әкесі Құнанбай да екінші әйелі Ұлжанды әмеңгерлік жолымен тоқалдыққа алған. Туған інісі Құтпанбет (Құлмаханбет) жастайынан о дүниелік болып, «қыздай» атастырылған Ұлжанды әйелдікке алады.

Қазақтың ерекше дарын иесі Дина Нұрпейісова да аяғы ауыр кезде күйеуі қайтыс болып, күйеуінің кіші інісіне әмеңгерлік жолымен күйеуге шыққан.Қазақтың Имантай деген болысы бақуатты Шорман әулиетінен жесір әйелді әмеңгерлік жолымен әйелдікке алады. Осы некеден біртуар, қазақтың ғылым әлеміндегі жарық жұлдызы Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Жібек Төлегеннің інісі Сансызбайға әмеңгерлік жолымен күйеуге шыққан. (қосымша 1) Сонымен, аманат ұғымы салт-дәстүрде де кездесіп, жақсы ғұрыптарды дәріптейтіндігін көрдік. Салт-дәстүр адамды арнайы білімсіз-ақ тәрбиелейтін әрекет болғандықтан, әр ұлт үшін салт-дәстүрдің орны ерекше болып келеді.